Қазақстан Республикасының архив саласының дамуына үлес

Павлодарлық архивистер Қазақстан Республикасында архив саласының өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келеді.

Павлодар облысы мемлекеттік архивінің мамандары іс жүргізу, архив ісі саласына және онымен сабақтас басқа да салаларға қатысты ҚР заңнамаларын талқылауға белсене ат салысып, тұрақты түрде тұшымды ұсыныстар жолдап отырады. Сонымен қатар, еліміздің және жақын шет елдердің архив мекемелері ұйымдастырған халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға, дөңгелек үстелдер мен форумдарға қатысып, архив ісі саласындағы проблемаларды, отандық тарихқа қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, белсенділік танытып отырады.

Мысалы, 2020 жылы Павлодар облысының архивистері ҚР Президенті Архиві ұйымдастырған «Қазіргі кездегі архив ісі: проблемалар, тәжірибелер, инновациялар» атты II Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына (ҚР Президенті Архивінің 25 жылдығына орайластырылған); «Тарих. Жад. Адамдар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға; Алматы қаласының мемлекеттік архиві ұйымдастырған «Жеке тектік құжаттармен толығу және құндылығына сараптама жүргізу проблемалары» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференцияға; Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығына орай Ресей Президетінің 2020 жылды Тағзым және даңқ жылы деп жариялауына байланысты Ресей мемлекеттік архиві (РФ, Самара қ.) өткізген «Память о прошлом – 2020» IX тарихи архивтік форумға және т.б. ауқымды іс-шараларға қатысты.

Міне, жақында ғана облыс мемлекеттік архиві мамандарының Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің 25 жылдығына арналған «Архив: тарихи жады және рухани жаңғыру» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысуы туралы сертификат келді.

Облыс мемлекеттік архивінің атынан конференция жұмысына ұсынылған баяндамада архивтік құжаттарды пайдалануға қатысты ҚР-ның заңнамалық базасына өзгерістер енгізу, мемлкеттік қызмет көрсетуде еліміздің мемклеттік органдары арасындағы, сондай-ақ ТМД елдерімен өзара қарым-қатынас тәсілдерін жетілдіру, архивтік анықтамаларды беру үдерісі тиімділігін арттыру сияқты т.б. проблемалық мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылды. Айтылған ұсыныстар жүзеге асырылатын болса, архивтік анықтамаларды алу үдерісін жеделдету мүмкіндігі туады.

Сондай-ақ, архив ісі саласындағы ҚР заңнамалық базасын жетілдіру бойынша павлодарлық архивистердің бұрын жолдаған ұсыныстарының ескеріліп, жүзеге асырылғандығы қуантарлық жағдай екендігін атап өткен жөн.

Сөз соңында, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивіне жоғарыда аталған конференцияға қатысуға мүмкіндік бергені үшін зор алғысымызды білдіреміз!

 

 Рухани жаңғыру- халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар ...